Бүгін мектебімізде “Биология, химия сабақтарында оқытудың жаңа әдістері мен ақпараттық коммуникативті технологияларды қолдану” тақырыбында аудандық семинар өтті. Семинардың ашылу салтанаты оқушылардың концерттік бағдарламасымен басталып, психологиялық тренингпен жалғасын тапты. Қатысушыларға оқушылар химиялық тәжірибелер көрсетіп, ұстаздардың қан қысымдары өлшеніп, денсаулық бұрышы қойылды. Мұражайға саяхат жасалды. Семинарда “Негіздер.Негіздердің қасиеттерін зерттеу” тақырыбында Кеңбидайық ЖОББМ химия пәнінің мұғалімі Б.К.Баймұратова және “Гүлдің құрылысы” тақырыбында Үсенов атындағы ЖОББМ химия-биология пәнінің ұстазы Ж.К.Акимова ашық сабақ өткізді. “Іс-әрекеттегі зерттеу- тәжірибені жетілдірудің тиімді тәсілі” тақырыбында Арықты ауылының ЖОББМ биология пәнінің мұғалімі Г.С.Дюсенова Workshop өткізді . Семинардың жалғасы химия пәнінің мұғалімі Лөкетқызы М. және биология пәнінің мұғалімі Касенова Г.Ж. “Биология, химия сабақтарында АКТ арқылы қолданатын әдіс-тәсілдер” тақырыбында Master klass-пен жалғасты. Семинар соңында қорытынды жасалып, қатысушылар Аудандық білім бөлімі басшысының сертификаттарымен марапатталды.